Лавров: Курск облысына әскер жіберуді Пхеньянның өзі ұсынды

Сергей Лавров

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Курск облысына әскер жіберуді Пхеньянның өзі ұсынды деп мәлімдеді. Оның сөзінше, Мәскеу мұндай ұсынысты "шынайы тілектестік нышаны" ретінде қабылдаған. Ол Солтүстік Кореямен қарым-қатынас "мызғымас бауырластыққа" негізделгенін айтты.

"Біз Солтүстік Корея басшысы, мемлекеттік істер төрағасының ұсынысына жауап бердік. Шынайы тілектестіктен бас тартуға негіз жоқ еді. Солтүстік Корея стратегиялық серіктестік туралы келісіміміз қандай түрде жүзеге асатынын өзі анықтайды" деді Лавров Солтүстік Корея сыртқы істер министрі Цой Сон Химен келіссөзден кейін.

Оның сөзінше, Ресей президенті Владимир Путин мен Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ын тұрақты түрде өзара хабар алмасып отыр.

Солтүстік Корея министрі өз сөзінде Пхеньян Ресейдің әрекетін сөзсіз қолдайтынын жеткізді. "Мемлекетаралық келісімнің барлық шарттарын орындауға дайынбыз" деді ол.

Солтүстік Корея әскері 2024 жылдан бері бір бөлігі украин күштерінің бақылауында болған Ресейдің Курск облысындағы шайқастарға қатысқан. Олардың соғысқа қатысып жатқаны жөнінде ақпарат ең алғаш рет 2024 жылы қазанда пайда болды. Бірақ Ресей бұл ақпаратты 2025 жылы сәуір соңында ғана ресми түрде мойындаған.

Украинаның ресми тұлғаларының мәліметінше, былтыр күзде Солтүстік Корея Ресейге шамамен 11 мың әскери қызметкерін жіберген. Оңтүстік Корея барлау қызметінің дерегінше, Ресей жағында соғысқан шамамен 600 солтүстіккореялық сарбаз қаза болған болуы мүмкін, бірақ олардың аты-жөнін анықтау әзірге мүмкін болмады.

Украина мен Оңтүстік Корея барлау қызметі алдағы айларда Солтүстік Корея тағы 25-30 мың солдатын Ресейге жіберуі мүмкін деп болжайды. CNN хабарлауынша, олар Ресей басып алған украин жеріндегі шайқастарға қатысуы мүмкін.