9 шілде күні Еуропа парламенті Ресейдің Украинада жасап жатқан әскери қылмыстарын айыптайтын қарар қабылдады . 507 депутат құжатты жақтап, 77 депутат – қарсы дауыс берді, 45 депутат қалыс қалды.
Қарарда 2022 жылғы 24 ақпанда басталған Ресейдің Украинаға кең көлемді басқыншылығы Еуропадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты бұзып, жаһандық қауіпсіздікке елеулі нұқсан келтіргені айтылған. Ресей "Еуропаның қауіпсіздігіне тікелей төнген ең үлкен елеулі қатер" деп аталған.
Еуропарламент депутаттары Ресей басқыншылық соғысын бастағаны үшін жауапты екенін, ал Ресейдің әскери күштері мен шенеуніктерінің адам құқықтарын бұзып, әскери қылмыстар жасағаны, халықаралық құқықтың басқа да ереже-талаптарын өрескел бұзған іс-әрекеттері жазасыз қалмауға тиіс екенін атап көрсеткен. Ресейдің азаматтық нысандар мен бейбіт халықты нысана еткен шабуылдары, сондай-ақ Украинадағы азаматтық инфрақұрылымды қасақана және жүйелі түрде жойып жатқанын депутаттар қатаң айыптады. Құжатта украиналық балаларды Ресейге заңсыз әкету – Кремльдің украиндердің ұлттық өзіндік болмысын жоюды көздейтін стратегиясының бір бөлігі болуы мүмкін екені айтылған.
Депутаттар Ресей Украинадағы бейбіт халыққа қарсы қатыгез қылмыстарды жалғастырып жатыр деп мәлімдеді. Украина билігінің мәліметінше, қазіргі уақытта шамамен 16 000 бейбіт украин азаматы Ресейде және уақытша оккупацияланған аймақтарда қамауда отыр. Тағы 70 мыңнан астам украин азаматы, соның ішінде балалар, бейбіт тұрғындар мен әскери адамдар хабар-ошарсыз кеткендер санатында делінген ресми деректе.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Еуропаның адам құқығы соты 2014 жылы Донбаста құлаған Boeing ұшағы апатына Ресей жауапты дедіҚарарда украиналық әскери тұтқындарды өлтіруді қатаң айыптап, Женева конвенциясының ережесі бойынша, ондай іс-әрекеттер әскери қылмысқа жататыны айтылған. Еуропарламент Ресей шенеуніктеріне қатысты Халықаралық қылмыстық сот жүргізіп жатқан тергеу істеріне толық қолдау білдіріп, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық қылмысы бойынша Арнайы трибунал құру туралы Еуропа кеңесі мен Украина арасында жасалған келісімді құптады.
Депутаттар Украинадағы әскери қылмыстарға жауапты барлық тұлғаларды сотқа тартуды талап етіп, Ресейді қарсылас екі тараптың да барлық тұтқындарын бір-біріне толық қайтару туралы ұсынысқа дереу келісуге шақырды. Бұған қоса қарарда Ресей басқыншылығын тоқтату және ұзақ мерзімді бітімге қол жеткізу үшін Еуропа одағы мен оның серіктестерінің әскери, экономикалық, саяси және дипломатиялық тұрғыда қазіргіден де тиімдірек күш-жігері қажет екені айтылған.
Сонымен бірге Еуропарламент депутаттары Еуропа одағын Ресейдің бұғатталған мемлекеттік активтерін Украинаның пайдасына тәркілеу процесін жеделдетуге шақырған. Қарар авторлары мұндай әрекеттерге қажетті құқық тетіктері бар екенін айтып, бұл істе кез келген кідіріс "еуропалық үкіметтердің кешірілмес саяси қателігі болады" деп мәлімдеген.
Your browser doesn’t support HTML5
Түнгі шабуыл Ресейдің Трампқа жауабы ма?