Франция және тағы бірқатар ел Трамптың Украинаға қару-жарақ сатып әперу схемасына қатыспайды

Еуропаның бірқатар елі 14 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп пен НАТО-ның бас хатшысы Марк Рютте айтқан – Украинаға Америкадан қару-жарақ сатып әперу жобасына қатыспайды. Бұл жөнінде осы елдердің өкілдері мен дереккөздерге сүйенген БАҚ жазды.

Politico-ның жазуынша, аталған схемаға Франция қатыспайды. Жағдайдан хабары бар екі француз шенеунігінің сөзінше, Париж бірінші кезекте Еуропаның қорғаныс өнеркәсібін алға қойып отырған президент Эммануэль Макронның ұмтылысына байланысты бұдан бас тартқан.

Ал Германияның ұстанымы Франциядан ерекше. Германия канцлері Фридрих Мерц Трамптың бастамасын жылы қабылдаған. Ал қорғаныс министрі Борис Писториус АҚШ қорғаныс министрімен америкалық Patriot кешенін Украинаға сатып әперу мәселесін талқылаған. Politico басылымы Трамп ұсынған схема әу баста Германияның идеясы болғанын жазды. Мерцтің пікірінше, Америка қару-жарағын сатып әперу – Украинаны тиісті қару-жарақпен қамтамасыз етудің жалғыз әрі ең жылдам жолы. Схеманы Нидерланды және Ұлыбритания, өзге де бірқатар ел қуаттаған.

Украинаға АҚШ қаруын әперу схемасына Франциядан бөлек, Украинаға мүлде қару бермеген Венгрия қатыспайды. Одан Чехия да бас тартып отыр. Чехия премьер-министрі Петр Фиала Прага Украинаға "басқа жолмен" көмектесуге ұмтылады деп мәлімдеді. La Stampa басылымының жазуынша, Трамп бастамасына Италия да қосылмайды.

Бұған дейін Axios басылымы осы жоба бойынша АҚШ-тан шамамен 10 миллиард долларға қару-жарақ сатып алынуы мүмкін екенін жазған. Украинаға берілетін қару-жарақ арасында Patriot әуе қорғаныс кешені, ракета жабдықтары мен оқ-дәрі бар. Дегенмен Дональд Трамп Украинаға алысқа ұшатын ракеталар жеткізілмейтінін кесіп айтты. Ол Мәскеуге соққы жасауды қолдамайды.

Бұған дейін Трамп Украинаға Patriot кешеніне арналған ракеталар жеткізіле бастағанын мәлімдеген.

"Patriot-қа арналған ракеталар жіберілді. Олар Германиядан барады, олардың орнын кейін Германия толтырады. Барлық жағдайда АҚШ-қа толық төлем түседі. Барлығын бізге НАТО төлеп береді, кейбір жағдайда ЕО елдерінен тіке төлем түспек" деді сейсенбі күні Трамп журналистерге.

Ол Украинаға қанша снаряд жіберілгенін айтпады. 14 шілдеде Америка президенті АҚШ Киевке Patriot-қа арналған 17 жүйе жіберілетінін, кейбірі жақын күндері жеткізілетінін айтқан еді. Сарапшылардың болжамынша, мәселе кешендер саны емес, қондырғылар жөнінде болып отыр.

Трамптың Украинаға қару-жарақ жеткізу схемасын ЕО негізінен қолдағанмен, кейбір саясаткерлер сынады. Атап айтқанда, ЕО-ның сыртқы саясат ведомствосының жетекшісі Кая Каллас 15 шілдеде қалай болғанда да Вашингтон Украинаға қару-жарақ беру "міндетінің" бір бөлігін өзі көтеруі керек деп айтқан.

"Егер сіз қару-жарақ беремін деп уәде еткен болсаңыз, бірақ ол үшін басқа біреу төлейді деп айтсаңыз, онда іс жүзінде мүлде бермеген болып шығасыз" деді Каллас. Оның сөзінен France Presse үзінді келтіреді.