Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды

Каска. Көрнекі сурет.

Павлодарда жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшы қаза болды. Полиция қылмыстық іс қозғады.

Оқиға 12 шілдеде таңертең Назарбаев даңғылының бойында болған. Жаңбырға арналған құбырды тазалау кезінде бір жұмысшының басы жарақаттанған. Ол қорғаныш каскасыз істеген деп айтылады. Алған жарақаттан жұмысшы оқиға орнында қаза болды.

"Абайсызда адам өліміне әкеп соққан еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды" деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Оқиғаның жай-жапсары тергеу кезінде анықталатыны айтылды.

Қазақстанда еңбек қауіпсіздігі ережелері сақталмауы салдарынан жұмысшылар жиі қаза болады. Биыл мамырда Шығыс Қазақстан облысында су құбыры жарылған жерде апатты қалпына келтіру жұмысы кезінде топырақ опырылып құлап, екі жұмысшы қаза болған. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың басынан бері өндіріс орындарында 293 жұмысшы зардап шеккен, 40-ы қаза болған.