Ресей билігі кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады

Кәсіпкер Евгений Чичваркин

Ресейдің ішкі істер министрлігі Лондонда тұрып жатқан ресейлік кәсіпкер Евгений Чичваркинге іздеу жариялады. Чичваркиннің деректері ІІМ-нің іздеу базасында пайда болғанын "Интерфакс" агенттігі хабарлады.

Чичваркинге нақты қандай айып тағылып отырғаны белгісіз, деп жазды "Медиазона". 2025 жылы наурызда Мәскеу қаласының прокуратурасы Чичваркиннің үстінен қылмыстық іс қозғау үшін тергеу органдарына материалдар жолдағанын хабарлаған. Бұл іс Чичваркин "шетел агенті" ретінде заңда көрсетілген міндеттерін орындамағаны үшін қозғалмақ.

Евгений Чичваркин – Ресейде "Евросеть" деген атаумен танылған ұялы байланыс салондары желісінің тең құрылтайшысы және бұрынғы меншік иесі болған. Ол 2008 жылдың желтоқсан айынан бері Ұлыбританияда тұрып жатыр және қазір сол елде мейрамхана бизнесімен айналысады.

2022 жылы Ресейдің Әділет министрлігі Чичваркинді "шетел агенті" деп таныды. Министрлік Чичваркин саяси қызметпен айналысады және соған Украинадан қаржы алады деп мәлімдеген.

Биыл наурызда берген бір сұхбатында Чичваркин: "Украинаға қарсы соғыс болмағанда Путиннің режимі құлап қалған болар еді, енді соғысты тоқтату қиынға түседі, себебі Ресей билігі оны ұлттық идеяға айналдырып алды", – деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Лондонда Шығыс Украинадағы соғысқа қарсы акция өтті
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресей мобил дүкенінің бұрынғы басшысына іздеу жариялады