2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан билігі қантөгістің себептерінің бірі ретінде әлеуметтік теңсіздік пен байлықтың аз ғана топтың қолында шоғырлануын атап, елден заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару процесін бастады. Содан бері үш жыл өтті. Мемлекеттік органдар мезгіл-мезгіл атқарылған жұмыстар туралы есеп беріп, елге өте ірі көлемде қаржы қайтарылғанын мәлімдеп келеді. Бүгінде бұл сома 1 триллион теңгеден асты. Алайда сыншылар науқан ашық жүріп жатқан жоқ дейді.
Шілденің басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (жақында оны Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосты) 2022 жылдан бері "мемлекетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне 1,1 триллион теңгеден астам сомаға мүліктей активтер мен ақшалай қаражатты қайтарғанын" мәлімдеді. Бұл дегеніңіз – 2 миллиард доллардан көп қаржы.
Осы мәліметке сәйкес, соманың бір бөлігі — 329,4 миллиард теңге (шамамен 632,5 миллион доллар) — тікелей мемлекеттік бюджетке жолданған.
Тағы 153,3 миллиард теңге (шамамен 294 миллион доллар) — Білім инфрақұрылымын қолдау қорындағы арнайы шотқа аударылған. Антикор өкілдерінің айтуынша, қордан бөлінген 10 миллиард теңгеге тарта сома (шамамен 19 миллион доллар) Алматы облысының халық тығыз орналасқан аудандарында жеті мектеп салуға жұмсалған.
Қос Қайраттың активтері
Заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі 2022–2023 жылдардың науқаны қазақстандық миллиардер Қайрат Боранбаевтың есімімен тығыз байланысты болды (ол елдің экс-президентінің үлкен қызымен құда болған).
Боранбаев 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан екі ай өткен соң қамауға алынды. 2023 жылғы наурызда сот оны аса ірі көлемде бөтеннің мүлкін иемдену және қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру баптары бойынша кінәлі деп танып, сегіз жылға бостандығынан айырды. Сол жылы қыркүйекте Астанадағы апелляциялық сот бұл мерзімді алты жылға қысқартты. Бір айдан соң оны қамауда ұстау жазасы бас еркіндігін шектеу жазасына ауыстырылғаны белгілі болды. 2023 жылғы қарашаның басында Қайрат Боранбаев бостандыққа шықты.
Мемлекеттік органдар оған дейін бірнеше апта бойы бизнесмен мемлекетке ірі активтерді тапсырғанын хабарлады. Олардың ішінде Астанадағы қонақүй кешені, фитнес-орталықтар желісі, мұнай өндіруші компания және Қазақстанның батысындағы мұнай кен орны аталды. Сондай-ақ, Боранбаевтың "Білім инфрақұрылымын қолдау қорына" 30 миллиард теңге аударғаны және оның "АзияГаз Чунджа" компаниясы тәркіленіп, мемлекеттік "Самұрық-Қазына" қорының иелігіне, одан әрі оның еншілес компаниясы QazaqGaz-ға берілгені хабарланды.
2024 жылғы наурызда БАҚ кейбір "тәркіленді" делінген компаниялардың әлі де Боранбаевтың иелігінде екенін жазды. Азаттық Азия тілшісі анықтағандай, 2025 жылғы 8 шілдеде кейбір фирмалар әлі де Боранбаевтың меншігінде болған. Мысалы, Астанадағы Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін басқарушы "Роял Комфорт Астана" ЖШС 2024 жылғы наурызда да, 2025 жылғы шілдеде де Боранбаевтың иелігінде қалып отыр (оны компанияны "ААТД" ЖШС арқылы басқарады).
2023 жылы Боранбаевтың мемлекетке толықтай тапсырды деп хабарланған Unity Hall жылжымайтын мүлікті басқару компаниясы да әлі оның иелігінде. Ол Globex Energy FZE компаниясына тиесілі, ал оның құрылтайшысы әлі күнге дейін Қайрат Боранбаев.
Боранбаевқа бюджет қаржысын жымқыру және салықтан жалтару бойынша тағы бірнеше қылмыстық іс қозғалған еді. 2025 жылғы қыста олардың "келтірілген залалды толық өтеуіне байланысты" тоқтатылғаныбелгілі болды.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыға қатысты іс те осыған ұқсас өрбіді. Ол 2022 жылғы қыркүйекте ұрлық баптары бойынша алты жылға сотталды, бірақ екі жылға жетпей мерзімінен бұрын босап шықты. Сотта Сатыбалды "халықтан және президенттен" кешірім сұрады.
Бостандыққа шығуына бір апта қалғанда мемлекеттік органдар Сатыбалдының мемлекетке активтерді қайтарып жатқанын бірнеше рет хабарлады. Мәселен, 2024 жылғы 12 тамызда Антикор заңсыз алынған 1,6 миллиард доллардың қайтарылғанын мәлімдеді. Оның бір бөлігі туыстары мен оған қатысы бар адамдарға және компанияларға рәсімделген мүлік болған.
2024 жылғы 15 тамызда, сот шешімінің қарсаңында, Бас прокуратура Сатыбалды мемлекетке тағы 50 миллиард теңгені қайтарып жатқанын хабарлады. Ресми мәлімет бойынша, 2022 жылдан 2024 жылғы тамызға дейін Сатыбалды мен оған қатысты тұлғалар мемлекетке жалпы сомасы 732,8 миллиард теңге (1,6 миллиард доллар) болатын активтер мен қаражатты тапсырды. Оның ішінде 661,5 миллион доллар шетелден анықталып, Австрия, Лихтенштейн, БАӘ және Түркия сияқты елдерден қысқа мерзімде қайтарылған.
Антикор ақпаратына сәйкес, қайтарылған активтер құрамына әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті әшекей бұйымдар, сарайлар, пәтерлер, автокөліктер, компания акциялары мен үлестері, теміржол желілері және шетелден қайтарылған қаражат кірді.
Кейінгі үш жылда мемлекетке активтерді қайтарудың мұндай көлемдегі басқа мысалдары болған жоқ.
2024 жылғы сәуірде ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы, бұрынғы премьер-министр Кәрім Мәсімовке тиесілі деген Астанадағы зәулім үй әлеуметтік қажеттіліктерге беріледідеп хабарланды. Мәсімов Қаңтар оқиғасынан кейін төңкеріс жасауға әрекеттенді және мемлекетке опасыздық жасады деген айыппен 18 жылға сотталған.
Бастапқыда бұл үйді электронды сауда арқылы 1,685 млрд теңгеге (шамамен 3,2 млн доллар) сату жоспарланған еді. Алайда Астана әкімдігінен мүлікті қала тұрғындарының "әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыру" мақсатында беру жөнінде сұрау түскеннен кейін, үй саудадан алынып тасталды.
"Бұл есеп емес – бұл нақты балалар"
Маусым айының соңында Антикор тәркіленген қаражат есебінен салынған әлеуметтік нысандарға баспасөз турын өткізді. Пресс-релизде журналистерге "мемлекетке қайтарылған активтердің қоғам игілігіне қызмет етіп, елдің дамуына қалай үлес қосып жатқаны көзбе-көз көрсетілді" деп жазылды.
БАҚ өкілдеріне екі коттедж көрсетілді. Олар Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық іс аясында тәркіленген нысандар ретінде таныстырылды. Үлкен орманды аумақта орналасқан бұл ғимараттар ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған оңалту орталығына айналған.
— Қоғам мұның жай ғана активтер емес екенін көруі керек. Олар бос тұрмайды. Бұл ғимараттар "тірі". Мұнда жұмыс жүріп жатыр. Бұл есеп емес – бұл нақты балалар, педагогтер, отбасылар, — деп келтірді ҚазАқпаратАнтикордың Астана қаласы бойынша превенция басқармасының басшысы Рустам Сәдуақасовтың сөзін келтірді.
Шілденің басында Қазақстанның солтүстігіндегі Зерендіде балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа спорт мектебі ашылды. Үкімет оқу орнының құрылысына 2,1 миллиард теңге бөлген. Ашылу рәсіміне Қазақстанның бас прокуроры Берік Асылов қатысты.
Сонымен қатар Петропавлда 280 орындық балабақша салынып жатыр. Ал Ұлытау облысында қайтарылған активтер есебінен 2025 жылы 11 нысан салынатыны уәде етілді. Хабарға сәйкес, бұл аймаққа қаражат жинақталатын арнайы қордан 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Биліктің мәліметінше, ел бойынша осы арнайы қор қаражаты есебінен шамамен 300 әлеуметтік нысан салу жоспарланыпотыр. Олардың басым бөлігі – ауруханалар, емханалар және су құбыры жүйелері.
"Ештеңе жасалып жатқан жоқ"
2022 жылдың жазында мемлекет активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрған кезде Қазақстанда Elge Qaitaru дейтін тағы бір қор пайда болды. Оның құрылатынын саясаткер әрі кәсіпкер Болат Әбілов мәлімдеп, қордың мақсаты – "Қазақстаннан ұрланған ақшаны елге қайтару" деді.
Құрылтайшылар мен қамқоршылар қатарында Болат Әбілов, бұрынғы банкир Оразалы Ержанов, журналистер Сергей Дуванов пен Асылбек Абдулов, құқық қорғаушы Евгений Жовтис болды.
Олардың айтуынша, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен құрылған мемлекеттік комиссия жеткіліксіз, оның жұмысы "біржақты және жабық".
Алғашқы жылдары Elge Qaitaru медиа кеңістікте белсенді болды. Қор елдің байлығын иеленіп отырған адамдардың аты-жөнін жариялауға шақырды, сондай-ақ Қазақстан активтерін ERG компаниясынан қайтаруды талап етті. Олар баспасөз конференцияларын өткізіп, "заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы" заң жобасы "ұрлықты емін-еркін жасауға жол ашады" деп мәлімдеді.
Кейінгі жылдары қор туралы еш хабар жоқ. Оның теңқұрушысы, бұрынғы банкир Оразалы Ержанов Азаттық Азияға берген сұхбатында қаржыландыру мәселесіне байланысты қордың жұмысы тоқтатылғанын айтты.
Мемлекеттің заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі науқаны туралы пікір білдірген Ержанов "елеулі жұмыс жүргізіліп жатыр дегенге күмәнданатынын" айтты.
— Ештеңе жасалып жатқан жоқ. Меніңше, 2022 жылы бұл бастаманы Қаңтар оқиғасының [қайталануынан] қорыққаннан жариялады, бу шығару керек болды. Ал шипажайды немесе басқа да болмашы нысандарды қайтарғандарын көзбояушылық деп санаймын, — дейді ол.
Ержанов Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаевтың мерзімінен бұрын босатылғанына наразы.
— Басқа адамдарды бұдан әлдеқайда жеңіл қылмыстар үшін ұзақ жылдарға соттады. Оларды мүлкі тәркіленетін баптармен соттады. Бүкіл мүлкін тәркілеуге тиіс еді. Ештеңе істелмеді. Ал тартып алынған [аздаған] мүлікті активтерді қайтару науқанының нәтижесі деп көрсетіп отыр, — дейді ол.
Ержановтың айтуынша, Elge Qaitaru қоры 1991 жылдан бері мемлекеттен жекеге заңсыз өткен нысандардың нақты санын білмейді, өйткені иелік етуші компаниялар құрылымдарын бірталай мәрте өзгерткен.
— Бірақ бұл оларды қайтару қиын дегенді білдірмейді. Қайтаруға кедергі – біздің биліктің ең жоғары сатысында ниет пен саяси ерік-жігердің болмауы. Ел ішінде қылмыстық қудалау басталмайынша, шетелде де ешқандай жетістік болмайды, — деп санайды Ержанов.
"Қоғамда бақылау тетігі жоқ"
2023 жылдың шілдесінде Қазақстанда "Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы" заң қабылданды. Ол, басқа тармақтарымен қатар, капиталы 45 миллиард теңгеден (сол кездегі бағам бойынша 100 миллион доллар) асатын азаматтарды арнайы тізімге енгізуді көздейді.
Заңға сәйкес, активтерді ерікті түрде қайтарған жағдайда, комиссия шешімімен мүліктің бір бөлігі бұрынғы иесінде қалуы мүмкін.
Бұл ережелер де сынға ұшырады. Elge Qaitaru қоры елде мемлекеттік қаржыны ұрлау жалғаса береді, бірақ енді белгіленген шекті мөлшерден аспайтын көлемде болады деп алаңдаушылық білдірді.
— [Шенеуніктер] жұмсақ жаза басқаларды ұрланғанын қайтаруға ынталандырады деп ойлай ма? Комиссияға барып: "Мен ұрладым, енді қайтарып жатырмын" деген бір адам бар ма? Ондай деректер жоқ, — дейді Ержанов.
Сатыбалды мен Боранбаевтан бөлек кімнің активтері, қандай елдерден және қандай көлемде Қазақстанға қайтарылғаны туралы ашық деректердің болмауына байланысты бұл науқанды Transparency Kazakhstan (халықаралық Transparency International ұйымының Қазақстандағы өкілі) да сынға алды.
Ұйым өкілдері процестің ашық еместігін атап өтіп, бұл Қазақстанның Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексіндегі позициясын одан әрі нашарлатуы мүмкін деп ескертті.
Сондай-ақ ұйым "Мемлекетке заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы" заңды да сынға алды. Олардың айтуынша, азаматтық қоғам бұл заң жобасына ескертулер мен ұсыныстарын енгізе алмады, ал заң жобасы асығыс әзірленіп қабылданды.
Қазақстан билігі активтері қайтарылған өзге тұлғалардың аттарын неліктен атамайтыны туралы сұраққа Бас прокуратура былай деп жауап берді: Сатыбалды мен Боранбаевқа қатысты істер заң қабылданғанға дейін қозғалған, ал жаңа заң мүлікті мемлекетке өткізген тұлғаларға құпиялықты қамтамасыз етеді.
Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов активтерді қайтару науқаны осындай сипат алғанына себеп болған бірнеше факторды атады.
— Біріншіден, бұл — 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейінгі билік конфигурациясы. Ол Назарбаев пен оның отбасы мүшелеріне белгілі бір кепілдіктер берген болуы мүмкін. Екіншіден, билік наразылықтардан кейін саяси жағдайды тұрақтандыруға мүдделі болды, ал элиталардың бірлігін сақтау — тұрақсыздық жағдайында басымдыққа ие. Ал негізгі фактор — саяси тұрғыдан тәуелсіз парламенттің, тәуелсіз соттардың, медиа мен қоғамның саяси өмірге қатысуының заңды арналарының болмауы, яғни институционалдық негіз жоқ. Бұл — қоғамда активтерді қайтару процесінің ашықтығын бақылау тетіктері жоқ екенін білдіреді, — деді Әлжанов Азаттық Азияға берген сұхбатында.
Саясаттанушы сонымен қатар барлық активтерді елеулі саяси қатер мен қаржылық шығындарсыз қайтару мүмкін емес екенін еске салды, себебі ол шетелдік юрисдикциялардағы сот процестерін қажет етеді.
Саясаттанушының сөзінше, үкімет үшін кей активтерді қайтару қиынға соқпақ. Өйткені шетелдегі мүліктердің тағдыры сол елдердің соттарында шешіледі, ал мұндай процестер үлкен шығынға батыруы мүмкін.
— Сондықтан Назарбаевтың бұрын сотталған туыстары активтердің белгілі бір бөлігін қайтарып, қолданыстағы саяси курсты жария түрде қолдағаннан кейін бостандыққа шыққаны заңды құбылыс, — дейді Әлжанов.
Саясаттанушының айтуынша, Қайрат Сатыбалды мен Қайрат Боранбаев істерінің мақсаты — Қаңтар оқиғасынан кейін жарияланған өзгерістерді, активтерді қайтару процесін көрсету болған.
Tax Justice Network (әлемде салық және қаржы жүйесін реформалауды қолдайтын ұйым) дерегінше, кейінгі 25 жылда Қазақстаннан шетелдік офшорларға шамамен 140–160 миллиард доллар шығарылған.
Кейбір сарапшылар елден заңсыз шығарылған қаржы көлемі бұдан да әлдеқайда көп болуы мүмкін дейді.
ПІКІРЛЕР